«Ақмола облысы Есіл ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ
Телефон: 8(71647) 21-9-93, 79-0-44 Мекен-жайы: Ақмола облысы, Есіл ауданы, Есіл қаласы, Төлеби көшесі-10 Электрондық пошта: еsil_bib@bk.ru
Еліміз егемендіктің бастапқы кезінде-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздік Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі болатынын төрткүл дүниеге жария еткен еді. Содан бері еліміз халықаралық аренада сол бағытты берік ұстанып, оны белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Қазақстанның және оның басшысының жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша көтерген, сондай-ақ іске асырылған бастамалары аз емес. Бүгінде олар әлемдік қоғамдастық пен халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланып, үлкен қолдауға ие болып отыр. Бұл мәселелерде, ең алдымен, өткен ғасырдағы тоқсаныншы жылдардың басы көз алдымызға келеді. Сол 1991 жылы Қазақстан әлеуеті бойынша әлемде төртінші орында тұрған ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Бұрын-соңды тарихта болмаған мұндай іс-әрекет тың және батыл қадам деп танылды. Сондай-ақ бұл өзге елдерді айтпағанда, ядролық қаруы бар мүйізі қарағайдай мемлекеттердің өзін қайран қалдырды. Бұл еліміздің бейбітсүйгіш саясатын паш етіп қана қоймай, сол кездегі ядролық арсеналы бар ірі елдер – АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Францияның ядролық сынақтарға мораторий жариялауына себеп болды.