
1 шілде - тәуелсіз мемлекетіміз үшін маңызды оқиғамен басталды. Бүгін Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді.
2026 жылдың 15 наурызында республикалық референдум нәтижесінде қабылданған бұл негізгі заң – тәуелсіз Қазақстанның үшінші конституциясы.
Ол – халықтың тарихи таңдауының, мемлекеттің жаңа белеске аяқ басуының белгісі. 11 бөлімнен, 96 баптан тұратын жаңа Конституция – қоғамның құқықтық айнасы ғана емес, ұлттың ертеңге деген сенімі мен мемлекет құрудағы мұратының көрінісі.
Әрбір халықтың тағдырында уақыттың таразысына түсетін шешуші сәттер болады. Сондай кезеңдерде қабылданған Ата Заң елдің бүгінін ғана емес, болашағын да айқындайды. Сондықтан жаңа Конституцияның күшіне енуі – құқықтық құжаттың заңды күш алуы ғана емес, қоғамның жаңғыруға деген ұмтылысының нақты көрінісі.
Конституция – мемлекеттің рухани паспорты. Онда азаматтың құқығы мен бостандығы, билік тармақтарының қызметі, елдің тәуелсіздігі мен тұтастығының негіздері айқындалады. Заңның үстемдігі орныққан жерде ғана әділет салтанат құрады, ал әділет бар жерде халықтың мемлекетке деген сенімі беки түседі.
https://youtube.com/shorts/uMdJXZreRPQ?si=kPZN3vyOqn3XKjcP