10 тамыз – Абай күніне орай, орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері, Ақмола облысы Полиция департаментінің Есіл аудандық полиция бөлімінде «Абай – ұлттың рухани темірқазығы» атты әдеби-танымдық іс-шара өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қызметкерлер мен жас мамандарға Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен таныстыру, ақынның адамгершілік, білім, ғылым, еңбек және елдік туралы тағылымды ойларын насихаттау, ұлттық рухани құндылықтарға деген қызығушылықты арттыру.
Шара барысында Абайдың өмір жолы мен шығармашылығы туралы мазмұнды ақпараттар беріліп, ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқылды. Сонымен қатар Абай шығармаларының тәрбиелік мәні мен бүгінгі қоғамдағы маңызы туралы ой-пікірлер ортаға салынды.
Іс-шара аясында Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар ұлы ақынның мұрасын дәріптейтін әдебиеттермен танысты.
Абай шығармалары – ұлттың рухани қазынасы, ал оның «толық адам» туралы тағылымы мен білімге, еңбекке, ізгілікке үндеген ойлары бүгінгі ұрпақ үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ұлы ақынның мұрасы – ұлттың рухани темірқазығы, келешек ұрпаққа жол көрсететін мәңгілік құндылық.