Теміржолшылардың кәсіби мерекесі – Теміржолшылар күніне орай аудандық балалар кітапханасында «Біздің жол – теміржол» атты танымдық іс-шара өтті.
Кездесуге өрт сөндіру пойызының бастығы Хасенов Хожамурат Қалиханұлы, ГДЗС шебері Меңдібаев Арман Төлегенұлы және қала мектептерінің оқушылары қатысты.
Оқушылар теміржолшылардың қызметі, олардың күнделікті кездесетін қиындықтары және қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығы туралы мол мағлұмат алды. Хожамурат Қалиханұлы өз командасының жұмысы жайында әңгімелеп, оқу-жаттығулар мен қызмет барысынан түсірілген фотосуреттерді көрсетті. Сондай-ақ, балалардың қойған көптеген сұрақтарына жауап берді.
Балалардың ерекше қызығушылығын қонақтардың қызмет барысында болған өмірлік оқиғалары оятты. Осындай кездесулер өскелең ұрпақтың теміржол саласында еңбек ететін мамандардың жауапты әрі маңызды еңбегін тереңірек түсінуіне, олардың мамандығына деген құрметін арттыруға ықпал етеді.